Содержимое файла:
Кесте – сәндік қол өнерінің бір түрі. Мата, тері, киіз, т.б. материалдар бетіне әр түрлі боялған жіптермен, жібек зерлермен сурет, өрнек салып тігу арқылы жасалады. Ежелден халық арасына кең тараған. Кестенің алғашқы үлгілерін Пазырық және Ноин-ұлан (б.з.б. 5 ғ.) қорғандарынан табылған құрал-жабдықтардан (тұскиіз, тұскілем, киім-кешектер, жауынгерлердің сыртқы су қағарлары, шекпен, қамзол, желең) көруге болады. Кесте инемен, бізбен және кесте машинасымен тігіледі. Кейде Кестеге моншақ, інжу, маржан, т.б. асыл тастар тағылады. Кестені материалдың бетін түгел бастыра немесе гүл шоғырына ұқсатып та әшекейлейді. Бұйымды тұтастай бастыра әшекейлеу үшін шалыс, жатық, терме, жөрмеу тәсілін қолданады. Кестенің біз кесте, баспа жылтыр, тамбурлы кесте, албыр кесте (екі ізді), кенебе ине, т.б. түрлері белгілі. Біз кестенің шым кесте және әредік кесте деп аталатын екі түрі бар. Біз кесте дөңгелек немесе төрт бұрышты етіліп кергіш ағашқа керілген матаның бетіне түсірілген ою-өрнек бойынша қармақты бізбен өткермелеп шалу арқылы кестеленеді. Шым кесте – тігілетін матаның ашық жерін қалдырмай немесе ашық орынды өте аз қалдырып, тұтас кестелеген шымқай кесте. Әрәдік кестеде матаның әр жері әшекейленіп, бөлек-бөлек өрнек салынады. Шым кесте тұс киіз, сандыққап, мақпал шапан, орамалдың алақаны, жастық жапқыш, кежім, сәукеле, т.б. көптеген заттарға төгіледі немесе бөлек матаға төгіп қондырылады. Әрәдік кесте тақия, балақ, өңір, жаға, етекке және кең қоныш етіктердің бұрыш-бұрышы сияқты заттарға төгіледі немесе бөлек төгіп қондырылады. Геом. кескінді бейнелейтін Кесте жіп санап тігілсе, ирек өрнектер, әр түрлі суреттер алдын ала жүргізілген ізді қуалай тігіледі.
Сонымен бірге матаның Кесте түсер тұстарының жібін суырып тастап немесе қалың мата бетін алдын ала ойып алып та тігеді. К. тігу өнері қазақ халқына өте ертеден таныс. Байырғы сақ, ғұн, үйсін өнерінде Кесте ні зерлеп, маржандап, торлап, түктеп тігу тәсілдері кездеседі. Қазақ салтында үй жиһаздарын (тұс киіз, киім жапқыш, төсек жапқыш және үзік-туырлықтар), киім-кешектерді (кимешек, тақия, қамзол, кеудеше, т.б.), аяқ киімдерін (кебіс, мәсі, биік өкше етіктер, т.б.), қол орамалдар мен ер-тұрмандарды, т.б. тұрмысқа қажетті заттарды безендіру үшін Кесте көп пайдаланылған. Алтындап, күмістеп тігу сән-салтанат бұйымдарына тән. Бұл үшін көбінесе барқыт, плюш, атлас, қырмызы сияқты бағалы маталар пайдаланылады. Мұндай тігістерге өзіне арналып жасалған алтын және күміс жіптер қолданылады. Кейде алтын, күміс түстес жіңішке жиек сулары (зер) пайдаланылады. Алтындап тігуде, көбінесе, бедерлі, бедерсіз басып тігу әдісін қолданады. Алтындап тігу кестесіне маржандап тігуді де аралас жүргізеді. Алтын жіппен тігу түркі халықтарының бәріне тән өнер. Алтын кестелі тон, шапан, айыр қалпақ, кемер белбеу, сал шалбар, қамзол, сәукеле әдемілік әшекейінің ең асылы және бағалысы болып есептеледі. Қазақстанда құрылған “Тұскиіз” (Алматыда), “Өнерпаз” (Таразда), “Өрнек” (Өскеменде) секілді фабрикалар қазақ халқының К. өнеріне тән стильдегі бұйымдар жасайды. Олар өмір талабына сай екшеліп, жаңа түр-мазмұнға ие болуда. Республикамызда 400-ден астам Кесте ілер есімі белгілі. 1926 ж. Парижде өткен дүниежүз. көрмеде Р.Барлыбаева кестелі тұскиізі үшін халықар. сыйлық алды. 1957 ж. Респ. 1-көрмеде қарағандылық Баймағамбетова, зайсандық Құнақова, семейлік Абаеваның Кестелері көркемдік жағынан жоғары бағаланып, бірінші сыйлыққа ие болды.[1]